Соңына дейін оқуға кеңес беремін.. Бір жігіт үнемі отбасын асырау үшін өліп-талып қарбалас жұмыста жүреді екен. Бірақ, әйелінің күні бойы үйде бос отыратынын ойлап, бұл әділетсіздікке төзе алмапты. Осылайша, Тәңірге: — О, Тәңірім, мен әр күні таңнан кешке дейін қарбалас жүремін. Ал әйелім менің осы отбасы үшін қаншама тер төгіп жатқанымды білмейді. Ол екеуміздің орнымызды бір күнге ауыстыршы. Ол ақша табудың қиындығын және менің қадірімдi білсін, — деп жалыныпты. Тәңір оның тілегін қабыл алыпты. Екінші күні таңертең оянса, әйелі еркек кейпіне, ал өзі әйел кейпіне өзгеріпті. Сөйтіп, таң ата салысымен өз борышын өтей бастапты. Алдымен балаларын оятып, киіндіріп, таңғы ас әзірлепті. Күйеуін ыстық ықыласпен жұмысына аттандырып салыпты. Сосын балаларының түскі асын әзірлеп, сөмкелеріне салып, бірін мектепке, екіншісін балабақшаға апарып, қайтар жолда банкке кіріп, кезекке тұрып, күйеуінің жалақысын алыпты. Базардан үйге керекті заттарды алыпты. Үйге келген соң, күнделікті есеп дәптеріне бүгінгі кеткен шығымды жазыпты. Не керек, қарбаласып жүріп, сағаттың 13:00 болғанын да байқамай қалыпты. Тіптен түскі ас ішуді де ұмытып кеткен еді. Асығыс төсекті реттеп, кір киімдерді жуып-шайыпты. Үй ішінің шаңын сорғызып, ас үйді тазалап болғанда, мектептен қайтар балалары еске түсіпті. Жан ұшыра, алдымен балабақшадан, сосын мектептен балаларын алып қайтыпты. Қайтар жолда сәбилерімен қызу әңгімеге түсіпті. Олардың көңілін табудың да үлкен жұмыс екенін сонда сезініпті. Үйге келе сала өзі әзірлеген тамақ пен сүтті беріп, балаларының сабағына көмектесіпті. Бір жағынан құрғаған киімдерін үтіктей отырыпты. Күйеуінің жұмыстан қайтар мезгілі есіне түсіпті де, дереу кешкі ас әзірлеу қамына кірісіпті. Дастарқан әзірлеп, ас ішіліп, балаларын да тамақтандырып, ыдыс-аяғын жуып, үтіктелген киімдерді реттеп, балаларын жуындырып, ұйықтатыпты. Түнгі сағат 22:00 болғанда, төзімі әбден таусылыпты. Бірақ, бұл кезде оның бір күндік жұмыс уақыты әлі аяқталмаған еді... Келесі күні таңертең, төсегінің жанында тізерлеп отырып, Тәңірге тағы да жалбарыныпты: — О, Тәңірім, мен әйел затының күйбең тірлігін сезіндім. Бұл — менің қолымнан мүлде келмейді екен. Жалынғаным болсын, еркек қалпыма қайтаршы мені. — Бейшара пендем-ау, бір күндік азапқа түскеніңді байқадым. Уәде бойынша, бүгін қалпыңа келуің керек еді. Бірақ, енді 9 ай күтуіңе тура келіп тұр. Себебі, сен кеше түнде жүкті болып қалдың.

Теги других блогов: оқу әділет кеңес қарбалас